Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Өңірлік мүмкіндіктерді ашуға күш салынады

Жаңалықтар

Өңірлік мүмкіндіктерді ашуға күш салынады

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 04.11.2019
Оқылды: 103 Печать страницы
Өңірлік мүмкіндіктерді ашуға күш салынады
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің бас сарапшысы К.Бозшағұлов, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің бас сарапшысы Р.Набиева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алматы облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Төлегенқызы қаламызға іссапармен келіп, бірқатар кәсіпорындарды аралады.
Қала әкімі Бахтияр Өнербаев қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, әсіресе, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту және бұрынғы қорғасын-мырыш комбинатынан қалған қалдықтарды зарарсыздандыру, таза әрі қауіпсіз қала құру жолында атқарылып жатқан жұмыстармен, жобалармен жан-жақты таныстырды. Жұмыс тобы алдымен «Достық» шағынауданында салынып жатқан 40 пәтерлі үйдің құрылысына назар аударды. Қазір мұнда жұмыстар қауырт, құрылыстың сапалы әрі уақытында бітуіне күш салынуда. Құрылысшылардың құлшынысты еңбегіне жылы күздің жауынсыз ашық күндері де көп септігін тигізуде. Бәрі сәтімен болса, жаңа үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жұмыс тобы құрылыс талаптарының мүлтіксіз орындалуына мән беріп, үйдің дәлізі, пәтер есіктерінің мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы болуын да қадағалады. Содан соң «ТКҚӨК» ЖШС-да болып, шойын өндірісінің жай-күйімен танысты. Өңірлік индустрияландыру картасы және Текелі қаласын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған кешенді жобасы шеңберінде шағын-орта бизнесті дамыту үшін экономиканы әртараптандыру жолымен инновациялық технология бойынша темір кенін өңдеу және өндіру зәкірлік жобасы негізінде іске қосылған кенді қайта өңдеу кешенінде бүгінде 947 адам жұмыс істейді. Зауыт өткен жылы 17,1 мың тонна шойын өндірді. Нарықтағы шойынның, сондай-ақ, шойын өндіруге қажетті кокс бағасының тұрақсыздығы зауыттың бір- қалыпты жұмысына өз ықпалын тигізбей қоймады. Десе де, қазір шойын өндірісі қайта жанданды. Қ.Бозшағұлов өңірлік мүмкіндіктерді халық игілігіне айналдыруда экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан маңызды рөл атқаратын отандық өндірісті дамытуға мемлекет барынша қолдау көрсетіп отырғанын, сондықтан өндірістен пайда табу, көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға күш салынуы керектігін алға тартты.               
Жұмыс тобы қалалық ауруханада болып, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасымен танысты. Жалпы, қалалық ауруханада емдеудің озық аспаптарын сатып алуға және тұрғындардың денсаулығын жақсартуға пайдалануға, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мән беріледі. Аурухананың ас-су блогы, дезинфекциялық камера және кір жуу орны жаңадан салынды, бірқатар ғимараттар жер сілкінісіне қарсы беріктеліп, күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, Рудничный ауылындағы амбулатория ғимаратына да қалпына келтіру, сейсмикалық күшейту бойынша тұтастай қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл «Достық» шағынауданында көппәтерлі тұрғын үйдегі дәрігерлік амбулатория жаңа ғимаратқа көшірілді. Тұрғындардың денсаулығын күшейту, өмір сапасын арттыру бағытындағы атқарылып жатқан сан-салалы жұмыстарды зерделеген жұмыс тобы өңірлік мүмкіндіктерді дамытуға, оны ел игілігіне айналдыруға күш салынатындығын жеткізді.