Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Әсерлі өткен әдеби кеш

Жаңалықтар

Әсерлі өткен әдеби кеш

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 04.11.2019
Оқылды: 82 Печать страницы
Әсерлі өткен әдеби кеш
Абайдың ақылын, ұлттық ұстанымын  жас ұрпақ санасына ұялату мақсатында «Достық» шағынауданындағы алаңда ұйымдастырылған «Адамзаттың Абайы» тақырыбындағы әдеби-сазды кеште оқушылар ақын өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқып, әндерін шырқады.  
№4 орта мектебі ұйымдастырған әдеби шарада қала әкімі Бахтияр Өнербаев осыдан бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын ұлы ойшыл Абай айтып кеткен құндылықтар бүгінде өзектілігін жоғалтпағанын алға тартып, жас ұрпақты Абай өлеңдері мен қара сөздерін жаттап, ондағы адамгершілік қағидаларды бойға сіңіре білуге шақырды. Абайдың ұлттық болмысқа, береке-бірлікке, ғылым мен өнерге, мәдениетке бастаған дана жолы бізді ешқашан адастырмайтынын, Абай мінеген жаман әдеттер бүгінгі өркениетті өмірімізді де өрге бастырмайтынын ерекше атап, «Алма піс, аузыма түс» дейтін жатыпішер жалқаулықтан бойды аулақ ұстауды, кішіпейіл һәм еңбекқор болуды, кітап оқып, салауатты өмір салтын ұстануды әдетке айналдыруды айтты. Әсіресе, «Мектептің Абай мұраларын жас ұрпаққа насихаттаудағы құлшынысына дән ризамын. Абайдың 45 қара сөзін жатқа  білетін оқушыларды келесі жылы Семейде өтетін дүбірлі тойда сөз бәйгесіне үкілеп қосамын!» деген сөзі оқушыларды жігерлендіре түсті.   
Әдеби кеш жан-жақты дайындығымен көпшілікті өзіне баурады. Ұлттық үлгіде киінген мектеп оқушыларының жарасымды шоғыры ұлы табиғатпен үндестік тапқан өрелі талғамды паш етіп, сәнді жайлау үстіндегі Абай ауылының салтанатын бейнеледі. «Поэзия» ауылында оқушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Қазақ жазба әдебиетіне жаңаша үлгілерді терең философиялық оймен өрнектеген Абай өлеңдерін байыбына бармаған, ой тереңіне үңілмеген адам нақышына келтіріп оқи да алмайды. Жаңылмай, өлеңдік ырғаққа түсіріп, жатқа мүдірмей оқыған оқушылар тыңдаған жанды сүйсінтті. Абай әндері «Ән ауылынан» әуеледі. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегізаяқ» әндерін өнерлі оқушылар өзінше шырқап, жүректерге жеткізді.
Көпшілікті «Қара сөз» ауылы баурап әкетті. Ұлы ойшылдың халқына қалдырған ақыл-кеңесі, өсиеті, ақыл тезіндей болған 45 қарасөзі – бізді естілікке жетелейтін ұлттық қағидаттар конституциясы іспетті. Кез келген қара сөзді тыңдаған адам өзін тез басында түзеуге түскен қисық ағаштай сезінеді.
Оқушылар, сонымен бірге, атақты Біржан салдың Абай ауылында, тобықты елін аралап, бір жаз сауық-сайран құрған кезін де әдемі көрсете білді.  Тарихта Әсет сол сауықта ерекше шабытқа, бапқа келген деседі. Өнерді, өнер иесін құрметтеп бағалайтын Абай да «Айтушы сен болсаң, тыңдаушы мен болайын» деп аса қызығушылық танытқан.
Әдеби кеште көпшілік Абай өлеңдерін, қара сөздерін, әндерін тыңдап бір серпіліп қалды.