Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Еңбекпен өрілген жеңіс жолы

Жаңалықтар

Еңбекпен өрілген жеңіс жолы

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 20.08.2019
Оқылды: 28 Печать страницы
Еңбекпен өрілген жеңіс жолы
 
Спорт – денсаулық кепілі, сонымен бірге мемлекет дамуының басты көрсеткіші. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев әр жылғы халыққа арнаған Жолдауларында қазақстандықтардың денсаулығын күшейту ісіне баса назар аударып, бұл тұрғыда аса маңызды рөл атқаратын салауатты өмір салтын, спортты серік ету дағдысын қалыптастыруды алдымызға міндет етіп қойып келеді.
 
Осы игі мақсат жолында мемлекетіміз спортты дамытуға көңіл бөліп, мектеп оқушыларының спортпен тұрақты айналысуын қамтамасыз етуге, бұқаралық спортты дамытуға күш салуда. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында қазақстандық спорттың деңгейі көтеріліп, спортшыларымыз халықаралық жарыстарда еліміздің атын әлемге әйгілеуде. Әрине, жоғары деңгейдегі спорттық жетістіктер еліміздің жер-жеріндегі елді мекендерден бастау алып, тамыр тартып жатқаны шындық. Сондай арнаулы бастаулардың бірі – қаламыздағы олим-пиадалық резеривтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі.
 
Бүгінде аталған мектепте спорттың ауыр және жеңіл атлетика, бокс, пауэрлифтинг, каратэ, садақ ату, волейбол және баскетбол, джиу-джитсу, дзюдо, футбол, қазақша күрес, шаңғы қатарлы 14 саласы бойынша 780 оқушы тәрбиеленуде. Қала мектептері мен кәсіптік колледждің 18 жасқа дейінгі спортқа бейім оқушыларын арнайы спорттық білімі бар 24 жаттықтырушы жаттықтырады. Солардың арасында Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Алексей Клиновитский, Сосланбек Берсанов, Виктория Односумова, Алинур Аманқұлов, Қайыржан Бейсебаев, Рустам Байзақов, Григорий Володин, Рафаэль Райманов бар. Нұржан Әбейбеков пен Алексей Клиновитский ҚР еңбек сіңірген бапкерлері атағына ие.
 
Білікті бапкерлер тәрбиелеген шәкірттердің жетістіктері де сүбелі. Биылдың өзінде біраз спортшыларымыз республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, абыройымызды асқақтатты. Ольга Пастухова Лас-Вегаста ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы атанды. Шығыс жекпе-жегінен осы жазда киокусинкай бойынша KWU әлем кубогында ұлдар мен қыздар арасында Асемай Акранбек алтын медаль, Данелия Ақатаева күміс медаль алды.
 
Джиу-джитсудан сәуірде Бішкекте өткен Азия чемпионатында алтынды жүлдені 18 жас санатында, 50 келі салмақта Үкілай Ахметуәлиқызы, 14-15 жас санатында 47 келі салмақта Аяла Бөрібай және осы жас санатында 42 келіде Бүлдіршін Ұларбек жеңіп алды. 55 келіде Нияз Тілеужан күміс медаль иеленді.
 
ҚР чемпионатында жеңіл атлеттер ерекше көзге түсті. Әртүрлі қашықтықта Даниил Орлов, Анатолий Кубраков, Дмитрий Шмыга және Владислав Бойко чемпион атанды. Жаттықтырушы Григорий Володин ҚР Кубогында 1-орыннан көрінді.
 
Жас боксшыларымыздың жаңа толқыны көтеріліп келеді. Солардың қатарында Темірлан Ахметов Балқаш қаласында өткен халықаралық жарыста қола медаль тақты. Ол ҚР чемпионатының жүлдегері. ҚР аймақтық чемпионатында Айбек Қабидолда мен Сәулебек Нарлен қола медаль иеленді. Талдықорғанда өткен республикалық турнирде 63 келі салмақта Абай Баян алтынды тұғырдан көрінді.
 
Стритболдан қыздар командасы Қазақстан чемпионы атанды.
 
Баскетболшыларымыз Түркістанда өткен ҚР чемпионатының күміс жүлдегерлері болды.
 
Кикбоксингте Әли Асхатов, Дарын Амантай, Алексей Швейцер – халықаралық және республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары.
 
Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысып, жақсы нәтижесімен танылуы жан тебірентерлік жағдай. Спорт ардагері, жеңіл атлетші Ирина Тыщенко биылғы жылы Гран-приді жеңіп алып, Дубайдағы Fazza дәстүрлі турнирінде найза лақтыруда әлемнің жаңа рекордын орнатты. Пауэрлифтингтен Захар Буймов Нұр-сұлтанда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
 
Бұл – қолымыз жеткен жетістіктердің татымды табыстардың бір парасы. Спортшылармыздың бағындырар бигі әлі алда!