Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Белсенді қатыс, болашақты таңда!

Жаңалықтар

Белсенді қатыс, болашақты таңда!

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 10.06.2019
Оқылды: 56 Печать страницы
Белсенді қатыс, болашақты таңда!
Белсенді қатыс, болашақты таңда!
 
Президенттікке үміткерлер өңір-лерді аралап, өздері ұсынған сайлауалды бағдарламаларын халық арасында насихаттау шараларын жүргізуде.
 
Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі
 
Бұл «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың ұстанымы. Алматыдағы ғылыми-зерттеу институт-тарының мамандарымен кездесуінде сөйлеген Т.Рахымбеков осынау игі мақсаты туралы кеңінен баяндады. Ол әлемде жер аумағы жағынан 9-орынды иеленетін еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетінің зор екенін, егер осынау мүмкіндікке бүгінгі дамыған әлемдік тәжірибелерді жеріміздің ерекшелігіне қарай икемдеп пайдалана алсақ, онда ұлған-ғайыр жеріміз арқылы халқымызды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етумен бірге, мол пайдаға кенелдіруге болатынын нақты мысалдармен пайымдады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын дамыта отырып, жоғары технологиялар арқылы өнімдерімізді барынша өңдеуге басымдық беру және осы бағыттағы барлық ұмтылыстарға тиімді жағдай жасау аталған партияның іске асыруды жоспарлап отырған маңызды міндеттерінің бірі екенін атап айтты.
 
Т.Рақымбековтың айтуынша, егер Қазақстанның экономикалық гүлденуі ауылдардың дамуына байланысты болса, ауыл шаруашылығының дамуы жердің жағдайына, техноло-гияның озықтығына байланысты. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарымыздың нәтижесі ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар мен қызметкерлердің, барша диқан, малшылардың жағдайының жақсаруына тың серпін береді.
 
Басты мұраты – ұлттық болмысты сақтау
 
«Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ҚР президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауға басымдық беріп отыр. Яғни, бүгінгі жаһандану үдерісінде жұтылып кетпей, елдігімізді сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтарымыз маңызды рөл атқарады. Осы орайда С.Түгел рухани-мәдени мұра-ларды, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларды біліп, қастерлеу керектігін айтады. Ол ұлттық құндылықтардың маңызды бір бөлігі сол ұлттың тілі екенін алға шығарып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салмақ. Бұл тұрғыда жастар тәрбиесіне барынша мән бермек ниетте. «Біз жастарды қалай тәрбиелесек, ертең болашағымыз солай болады. Ұлттық болмысты, ана тілге деген сүйіспеншілікті 1 сыныптан бастап жоғары оқу орындарында жастардың бойына сіңіру керек. Әр елдің өзіне тән ұлттық ерекшелігі болады. Ұлттық салт-дәстүрі болады. Соларды жастарға жеткізуіміз керек», – дейді ол.
 
Демек С.Түгелдің сайлауалды бағдарламасының басты тармағыы – ұлттық құнды-лықтарды сақтау. Ол Түркістан қаласында болғанда: «Ежелгі Түркістан – қазақ халқы-ның басты мәдени мұраларының бірі. Көп ғасырлық тарихы бар қасиетті қаланы түркі әлемінің бесігі ретінде құрмет тұтады. Күн сайын мұнда адамдардың аяғы үзілмейді. Біреу жанға дауа, ал біреу рухани күш-қуат алу үшін келеді. Осыдан бір жыл бұрын Түркістан облыс орталығына айналды. Бұл тарихи маңызды қадам және ұлттық құндылықтарды құрметтеудің жарқын мысалы»,– деп ұстанымына деген адалдығын айқындай түсті. С.Түгелдің сенімді өкілдері де ұлттық құндылықтарымызды насихаттаумен бірге өңірдегі қасиетті орындарға барып, ғасырлар қойнауынан байырғы болмысын сақтап келе жатқан көне қала мәдениетіне, сол арқылы халқымыздың өркениетіне деген құрметін білдірді.
 
Оның сенімді өкілі Азиз Әнетов: «Сәдібек Түгел – нағыз патриот. Ол ана тілді, дәстүрлерімізді сақтауды, ұлттық спорт түрлерін дамытуды табандылықпен қолдап келеді. Өйткені, біздің салт-дәстүрімізде ата-бабаларымыздың сан ғасырлық даналығы жатыр», – деді.
 
Демократия және әлеуметтік әділдік
 
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы президенттікке тұңғыш әйел үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы «Лайықты өмірдің кепілі – шенеуніктер емес, нарықтық экономика, демократия және әлеуметтік әділдік» деп аталады.
 
«Ақ жол» партиясынан ұсынылған кандидат Д.Еспаева сайлауалды штаб мүшелерімен бірге Павлодарда үгіт-насихат кездесулерінде өңірдегі ірі кәсіпорындарға барып, кәсіпорындардың мәселелеріне назар аударды.
 
Павлодар еліміздегі ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған қала. Мысалы, «Казэнергокабель» АҚ – елімізде кабель-өткізгіш өнімдерін өндіру бойынша көшбасшы. Дегенмен де, кәсіпорын басшыларының айтуынша, сапасы мен нарықтағы сұранысының жоғарылығына қарамастан, шетелдік өндірушілермен бәсекеге түсу оңай емес. Себебі, Ресей, Өзбекстан және Белоруссияда шикізат бағасы бізден төмен. Сондықтан, олар өндірген ұқсас өнімдер біздікіне қарағанда арзандау. Осы мәселеге назар аударған Д.Еспаева бұл еліміздегі бардық өндірушілер үшін ортақ түйткіл екенін атап, Үкіметіміз шағын және орта кәсіпкерлікпен бірге ірі кәсіпорындарды да қолдауға басымдық беруі керек екенін алға тартты.
 
Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында бірқатар нақты шаралар бар. Оның ішінде салық ставкасын төмендету, мемлекеттік субсидия алушылардың тізімін кеңейту бойынша ұсыныстар кәсіпкерлердің мүддесіне тиімді.
 
Еңбек қауіпсіздігі – адам өмірінің кепілі
 
Бұл – Қазақстан кәсіпкерлері одағы ұсынған президенттікке үміткер Амангелді Таспиховтың ұстанымы. Ол еліміздегі еңбек заңының талапқа сай орындалуына мүдделі, әсіресе, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге басымдық бермек ниетте.
 
Қарағандылықтармен кездесуінде А.Таспихов алдымен медицина қызметкерелерінің форумында болып, кейін сантехника құралдарын шығаратын зауыт жұмысшыларымен кездесті.
 
Бұл кәсіпорында 300-ге жуық адам еңбек етеді. Кездесуде ол еңбек адамдарына мүмкіндігінше, жан-жақты жағдай жасалуы керектігіне баса назар аударды. Себебі, еңбектің өнімділігі, еңбек адамдарының күш-қуаты мен еңбекке белсендігілі еңбек берушілер тарапынан жасалатын қолдауларға тікелей байланысты.
 
Ол, аймақтағы ауыр өндірістерде жұмыс істейтіндер арасында жазатайым жағдайлардың азаймай тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, осының бәрі еңбек заңдарын түбегейлі сақтамау, соның ішінде, еңбек қатынастары бойынша заңдық келісімшартқа немқұрайды қараумен байланысты екеніне тоқталды. А.Таспихов: «Елімізде жылына 1500-ден астам адам еңбек басында түрлі жарақат алады, мүгедек болып қалады. 200-дей адам жұмысқа кеткеннен үйіне қайтып оралмайды. Соның бәрінің алдын алу мақсатында үгіт-насихат жүргізуді заңды түрде реттеу және жұмыс берушілердің бұл мәселеде жауапкершілігін күшейтуіміз керек»,– деді.
 
Яғни, жұмысшы өзінің еңбек заңдарына сай құқығын толық білуі керек. Сонда жұмысшы құқығы заңды түрде қорғалады. Атырау және Алматы облыстарындағы еңбек ұжымдарымен кездесуінде А.Таспихов қатардағы қызметкерлер мен басшылар арасындағы жалақы айырмашылығын қысқарту туралы ұсыныс айтты.
 
Сонымен бірге, қауіпті жұмыс орындарында қауіпсіздік шараларын күшейтумен бірге заң-талаптарды сақтауға мән беру, техниканың қауіпсіз жұмыс істеуін қадағалау, міне, осындай түйіндер бойынша жағдайды түбегейлі жақсартуға және кәсіподақтардың санын арттыруға күш салмақ. А.Таспиховтың Алматы облысындағы штабының сенімді өкілі Бозымбеков Жомарт қаламызда да болып, үміткердің сайлауалды бағдарламаларымен кеңінен таныстырды.
 
Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!
 
Қазақстан Коммунистік Халық партиясы (ҚКХП) атынан президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтың республикалық сайлауалды штабының барлық үгіт-насихаттары «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деген ұранмен өткізілуде.
 
Республикалық штаб жетекшісі Айқын Қоңыровтың сөзінше, ҚР Президенттігіне үміткердің сайлауалды тұғырнамасы батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тартуды, барлық қашқын олигархтарды сотқа тартуды, кедейлікпен күресті, көрші елдермен экономикалық интеграцияны, сонымен қатар, әділетті салық салу жүйесін енгізуді темірқазық тұтады.
 
Семей қаласында тұрғындармен кездескен Ж.Ахметбеков коммунистік халықтық партиясы еңбекшілердің мүддесін қорғау бойынша бұған дейін де үздіксіз жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. «Халық коммунистері» депутаттық фракциясы үнемі өткір мәселелерді көтеріп, сындарлы шешімдер ұсынады. Сондықтан қарапайым халыққа партияның бағдарламасы, идеялары мен қағидалары жақын. Халық өкілі бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі ретінде кедейлікпен күреске жиналғандардың назарын аудара отырып, сайлауалды тұғырнаманың негіздері туралы айтты. Кандидат отандық тауарларға, атап айтқанда, АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен интеграциялауда кедейлікпен күрес жөніндегі бағдарламаны қабылдауға және жүзеге асыруға қол жеткізу ниеті туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, Батыстың ақшаны бәрінен жоғары қоятын, еркіндікті желеу еткен өзімшілдік идеясы біздің көпұлтты Қазақстан халқының бірегей мәдениетіне, ұлттық танымына, моральдық шкаласына сай келмейтінін атап айтты.
 
Кандидаттың сенімді өкілі М.Магеррамов 31 мамырда қаламызға келіп, тұрғындармен кездесіп сайлауалды бағдарлама барысымен тыныстырды. Сондай-ақ, көпшіліктің жалақыны көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қамтамасыз ету және тұрғын үй мәселелерін оңтайлы шешу бойынша қойған сұрақтарына жауап берді.
 
Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет
 
Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабының өкілдері Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды.
 
Орталық ұжымы мен зейнет жасындағы сайлаушылармен кездескен штаб жетекшісі Мұхтар Өтесов «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұсынған Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кейін үміткердің сенімді өкілі Нұрлан Сәдір негізгі бағыт-бағдарды түсіндірді.
 
«Қазақстандағы әр азамат сайлау құқығын еркін пайдалана алады. Әміржан Қосановтың бағдарламасында барлық салада қызмет ететін азаматтар мемлекеттік тілді білуі міндет екені жазылған.
 
 
Мұндай талап өркениетті елдерде баяғыдан бар. Кандидат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге айрықша назар аудармақ. Сонымен қатар шетелдегі қандастарымыздың атамекеніне оралуын жеделдетіп, құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетуді ұйғарып отыр. Қазақстан – өте бай мемлекет.
 
Жер асты кенін игеріп жатқан шетелдік компанияларға қойылатын талаптарды халықаралық деңгейде қайта қарастыру, жұмысшыларының жалақысын көбейту, ондай еңбек ұжымдарында қазақтың үлес санын арттыру көзделген.
 
Бағдарламада Қазақстанның шетелдік мемлекеттерден қарыз алуын азайту, ел аумағында АЭС салынуына түбегейлі тыйым салу, қауіпсіз, жаңартылған қуат көздерін пайдалануға көшу жайы қарастырылған.
 
Ең бастысы, кезектен тыс президент сайлауына үміткер Конституцияға сәйкес азаматтардың құқығының қорғалуына, бейбіт шеруге шығып, сөз бостандығын пайдалануына ерік бермек»,– деді Н.Сәдір.
 
Сайлаушылардың қойған сауалдарына жауап берген штаб мүшелері Ә.Қосановтың азаматтық ұстанымы, еңбек жолы жөнінде баяндап, сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттары жөнінде айтты.
 
Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты міндет
 
Дүйсенбіде Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Текелі жұртшылығымен кездесті.
 
Қаланың даму әлеуетіне тоқталған қонақтар сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтары жайын сөз етіп, өзге де қырларымен таныстырды. Кандидат ұсынған стратегияны жүзеге асыруға елді біріктіру және еліміздегі тұрақтылықты сақтауды мақсат еткен республикалық штаб мүшелері: штаб басшысы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Анар Жайылғанова, Нұртай Сабильянов, Альберт Рау және әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов Текелі қаласы активімен кездесіп, кандидаттың көтеріп отырған мәселелеріне - халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, стандартты ірі қалалардың деңгейіне жеткізуге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
 
Сондай-ақ, облыстық қоғамдық штаб мүшесі Константин Нестеров және қала-лық қоғамдық штаб мүшесі Жанар Жаакпекова:
 
- Айқын саясат жүргізудің маңыздылығын түсінетін, елдегі тұрақтылықты, бірлік пен ынтымақты сақтауға кепіл болатын, Қазақ Елінің әлемдік абыройын барынша биіктететін, Елбасының дара саясатын жалғайтын тұлғаны таңдау – біздің қолымызда!– деп жиналған қауымды Ұлт көшбасшысы сенген азаматты сайлауға бір кісідей атсалысуға шақырды.