Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Рухы мықты Аяулым

Жаңалықтар

Рухы мықты Аяулым

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 14.03.2019
Оқылды: 35 Печать страницы
Рухы мықты Аяулым
Рухы мықты Аяулым
 
Көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қоғамның ұйытқысы болып, айналасын шуаққа бөлеп жүрген нәзік жанды аруларды дәріптеу – біздің басты мақсатымыз. 
 
Осы орайда, қаламыздың ішкі тәртібінің тыныштығын қорғап, заты нәзік болса да ерлермен үзеңгілес жүре әскери қызметтің ауыртпалығын арқалап жүрген азаматшалардың бірі – кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Аяулым Бекмырзақызы ДҮЗГЕНБЕКОВА туралы сөз етпекпіз.
 
1979 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылында дүниеге келген А.Бекмырзақызы жастайынан нағашы әпкесі Назигүл Тасыбаеваға еліктеп, полиция болуды армандап өскен. 
 
Ол 11 сыныпты аяқтап, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде агро-экономист мамандығына оқуға түседі.
 
Одан кейін Алматы заң академиясында заңгер мамандығы бойынша білімін жетілдіреді.
 
Осылайша балалық шақтағы арманы жігерлі қызды қиялындағы қызметімен табыстырады.
 
2005 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыс-тық атқару жүйесі комитеті ЛА-155/1 мекемесі тергеу изоляторының арнайы есеп бөлімінде аға техник болып еңбек жолын бастайды. 
 
Араға 10 жыл салып, 2015 жылы Текеліге ауысып, ішкі істер бөлімінде ақпараттық аналитика тобының техник маманы қызметін атқарады.
 
Ал қазан айынан бастап №6 орта мектебіне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы қызметіне ауысады.
 
2018 жылдың қаңтар айында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалады.
 
«Инспектордың қызметі – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, бұралаң жолдың қалтарысынан қорғау», – деп білетін кейіпкеріміз кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңдық қызығушылықтарын қорғаумен үздіксіз айналысып келеді.
 
«Буыны қатпаған өскелең ұрпақты өмірдің соқпақ жолдарынан қорғап, оларға қамқор болып, жанашырлық танытуымыз керек. Себебі, қоғамның әр мүшесі ел ертеңі – бүгінгі жастардың тағдырына жауапты.
 
Егер де кәмелетке толмағандар құқықбұзушылыққа барса, алдымен не себептен осындай іс-әрекетке барғанын анықтауға тырысамыз. 
 
Ата-аналарымен сөйлесіп, мән-жайды толық анықтап барып, нақты шараларды қолданамыз. 
 
Мектеп инспекторлары қалаға қарасты колледж бен барлық орта мектеп мұғалімдерімен, ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз.
 
Ұдайы жедел профилактикалық іс-шаралар, рейдтер ұйымдастырып тұрамыз. 
 
Бала тағдыры бізге сеніп тапсырылғаннан кейін зор жауапкершілікпен қарау – біздің басты міндетіміз. Қиын да жауапты іс жүректің мейірімділігін, түсінісіп, тіл табысуды қажет етеді», – деп ағынан жарылды.
 
Еңбек еткен жылдары ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен және басшылық тарапынан бір төбе марапатқа ие болған.
 
Білімді де іскер қызметкер отбасында аяулы ана, Нұрай есімді қызының қамқоры. 
 
Иә, ана – өмірдің гүлі. А.Бекмырзақызы әңгіме барысында қызметте қатал тәртіпке бағынса, үйде мейірім мен жылулыққа баурайтын нәзік жанды әріптестеріне мерекеге орай ыстық лебізін жолдады.
 
Нұржан Махаббатқызы