Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Кемелдік – келісімде, адалдық – алғыста

Жаңалықтар

Кемелдік – келісімде, адалдық – алғыста

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 12.03.2019
Оқылды: 21 Печать страницы
Кемелдік – келісімде, адалдық – алғыста
Кемелдік – келісімде, адалдық – алғыста
 
Алғыс айту күні «Металлург» шағынауданындағы клубта бас қосқан текеліліктер бауырмалдықты, жолдастық, көршілік татулықты, берекелі тірлікті мадақтап, бір-біріне ризашылықтарын жеткізді.
 
Бір отбасының баласындай ынтымақпен, бірлікпен ғұмыр кешіп жатқан көп ұлттың өкілдері қазақ халқының кең пейіліне, жомарттығына қашанда дән риза. 
 
Сонау қиын заманда бір нанды бөліп жеп, небір бұралаң жолдарды бірге жүріп өткен, кездескен қиындықтарды білектесе, күш біріктіре еңсерген елдің бүгінгі берекелі, мерекелі өмірі – өрелі де өміршең.
 
Осы шынайы тіршілік келбетін паш етіп, қазақ халқының кең-мол дастарқаны, көл-көсір пейілі, салиқалы салт-дәстүрімен жарасым тапқан славян, шешен, кәріс, өзбек, татар ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдары, тағамдары, киім үлгілері жинақталған этномәдени көрме мерекешіл қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. 
 
Көпшілік түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарынан дәм татып, әдет-ғұрыптарын қызықтады.
 
Текеліліктерді айтулы күннің қуанышымен құттықтаған қала әкімі Бахтияр Өнербаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан Елбасының: «Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік. 
 
Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбіт-шілік пен келелі келісім!» деген қанатты сөзін тілге тиек етіп, бүгінде қаламызда бірге өмір кешіп, қоғамның әр саласында білектесе еңбек етіп келе жатқан 18-ден астам ұлт өкілдерінің тату тіршілігіне ризашылығын жеткізді.
 
Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір бастамаларына ерекше ықылас-ынтамен үлес қосып жүрген барша текеліліктерге алғысын білдірді. 
 
Сондай-ақ, ынтымақты бекемдеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде белсенділік танытып жүрген азаматтарды марапаттады. Алма Нұрмыханова, Дәуболат Нүсіпов, Тұрысбек Жұмаділов, Ақан Ырымжанұлы, Нұржамал Шоханова, Ақтолқын Ысқақова және Румиля Енсебаева қала әкімінің алғыс хатын иеленді.
 
Мерекелік жиында тілегі бір халықтың тереңнен тамыр тартқан ұлы достығы жырланды. Ақындар өлең оқып, өнерлі жандар ән мен биден шашу шашты.
 
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ