Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Өркениет өзегі – бейбіт өмір

Жаңалықтар

Өркениет өзегі – бейбіт өмір

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 08.02.2019
Оқылды: 28 Печать страницы
Өркениет өзегі – бейбіт өмір
Өркениет өзегі – бейбіт өмір
 
Биыл – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. Зулаған уақыт керуенімен тарих қойнына кетіп бара жатса да сол соғыстың ғибраты еш ескірмек емес. Себебі, бейбітшілік болмай, кез келген халықтың баянды дамуы мүмкін емес.
 
«Ауған жеріне аяқ басқан кезде маған сұрапыл соғыс қаупінен гөрі ондағы халықтың үміт пен үрей арасындағы ауыр тіршілігі қатты әсер етті.
 
Себебі, сексенінші жылдардың өзінде халықтың көбі өркениеттен шет, қарабайыр өмір көшіп жатқанына куә болдым», – дейді Ауған соғысының ардагері, қаламыздың тұрғыны Серік Нұрғазыұлы Исанов.
 
Серік 1958 жылы 22 мамырда бұрынғы Бөрілітөбе ауданында өмірге келген.
 
Орта мектепті бітірген соң Көксу ауылшаруашылығы техникумында оқыды.
 
Әскери борышын, алғашқыда Ресейдің Чита, кейін Украинаның Дисна қаласында өтеді.
 
Әскерге дейін, кәсіптік білім алған және сергек те іскер азамат армияда жауапты қызметтерді атқарды. 1982 жылы Кеңес әскерінің Орта Азия округіне ауысып, келесі жылы наурыз айында Ауғанстандағы соғысқа аттанды.
 
Сол кезде аты шыққан, 5000 сарбазы бар Ахмет шах Ауғанстанның Пәкістанмен шекарасында, Қандағар қаласында жиі әрекет етіп, түрлі шабуылдар ұйымдастырып отырған.
 
Серік соғыста осы аймақтарда рота басшысы ретінде сарбаздарды бастап, небір қиянкескі шайқастарды басынан өткерді. Майданда 2 рет жарақат та алды.
 
Соғыста біздің әскерлердің қарсы жақтың сарбаздары мен жай бұқара-халықты бір-бірінен ажыратып алуы қиын болған жағдайлар жиі кездесіп отырған.
 
Оның үстіне, Ауған жері таулы болып келетіндіктен, жер жағдайына әбден жаттығып алған қарсы тарап, ылғи да ырықты орындарды таңдап, соққы жасап, тез жасырынып үлгереді.
 
Мұндайда әскери техниканың мүмкіндігі мен әскери бөлімдердің байқағыштығы, шұғыл және дұрыс шешім жасау қабілеті маңызды рөл ат-қарып отырды.
 
Бірде құрамында Серік басқаратын рота жауынгерлері бар батальон Пәкістан шекарасынан жасырын құрал өткізбекші болған топтың жоспарын алдын ала сезіп, олар өтетін бір тар шатқалға бірнеше күн бұрын келіп бекініс салады.
 
Сарбаздар бірнеше күн сайдың аузын күтіп, әбден зарыққан, жалыққан кезде жүк артқан бір топ адамның қарасы көрінеді.
 
Мұны шырға деп түйіп, оларды ешбір секем алдырмай шатқалдан өткізіп жіберуге шешім қабылданады.
 
Шынымен де, түн ортасы ауған шақта көп есекке жүк артқан үлкен шоғыр шатқалға келіп кіреді.
 
Дәл осы кезде атылған оқ, жарылған гранатаның дауысы қою түнде мүлгіген шатқал ішін әп-сәтте азан-қазан етеді.
 
Тұтқиыл шабуылдан қарсы тараптың қашып үлгеруге мұршасы келмей, адамдарымен, әкеле жатқан көп құралымен тұтас қолға түседі. Осы шайқастағы көшбасшылық қабілеті мен ерлігі үшін Серік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
 
«Қанды соғысты көргендер соғыс естеліктерін еске алуға қиналады.
 
Әрине, әскери бұйрықты атқаруы керек. Десе де, жауған оқ, жарылған мина ешкімді де аямайды.
 
Соғыста әскерлер ғана емес, бейуаз халық та зардап шегеді, олар қарттар, қауқарсыз балалар болуы да мүмкін.
 
Әсіресе, балалардың тағдыры жаныңа батады.
 
Соғыс адам баласының жылдар бойы жинаған құндылықтарын, ғасырлар бойы қалыптастырған өркениетін бір мезетте күлге айналдырады.
 
Бүгінге дейінгі үлкенді-кішілі соғыстар, соның ішінде Ауған халқының тағдыры мемлекеттер арасындағы келіспеу-шіліктерді соғыспен шешуге болмайтынын дәлелдеп берді.
 
Бірақ, әлемде соғыс оты әлі өшкен жоқ»,– деп Серік бүгінгі бейбіт өмірімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, елімізді өркендетудің қажеттілігіне салмақ берді.
 
С.Исанов соғыстан елге оралған соң мәрмәр зауытында жұмысшы болып еңбек етті.
 
Қарапайым да ұқыптылықпен өмір кешіп, жан жары Данагүл екеуі 2 бала тәрбиелеп өсірді.
 
Тіршілік қамынан асқан қаражаттарын жинай жүріп, 2002 жылы өздерінің жеке бизнесін бастады.
 
Бүгінде олардың иелігіндегі азық-түлік және ойыншық дүкендерінде, қызмет көрсету саласында 10-ға тарта адам жұмыс істейді.
 
Кәсіпкерліктің маңызы мен қажеттілігі туралы ол былай деді: «Тарихқа зер салсақ, соңғы бір ғасырда мәдениет, рухани өресі өспеген, бірлігі жоқ халық көп жағдайда бөтен ниетті күштердің «ойыншығына» айналып кете бергенін көру қиын емес.
 
Сондықтан, отаншылдық тәрбие жастардың білімді, отбасын, туған жерін, ағайынның бірлігін ардақ тұтып, игі мақсаттарын іске асыра алатын іскер де, көшбасшы болып жетілуіне бағытталуы керек.
 
Бір нәрсе анық, мақсаттарымыздың қай-қайсысы да экономиканың күшімен орындалады.
 
Аталарымыз: «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деп бекер айтпаған ғой.
 
Ұлан-байтақ жеріміздің байлығын халқымыздың игілігіне айналдыру үшін жастарымыз нарықты меңгеруі, кәсіпкерлікке ден қоюы, сол арқылы экономикалық ырықтылыққа жол жеткізуі қажет.
 
Сонда ғана ұлттық құндылықтарымызды, рухани жетістіктерімізді түгендеп оны заман талабына сай жарқырата түсуге мол мүмкіндік ашылады.
 
Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп ерекшелеуінде де терең мән жатыр.
 
Ең бас-тысы, халқымыз бейбіт өмір кешуде. Бұл бәрінен маңызды».
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ