Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Көк туымызды Тайланд төрінде желбіреткен спортшы

Жаңалықтар

Көк туымызды Тайланд төрінде желбіреткен спортшы

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 08.11.2018
Оқылды: 47 Печать страницы
Көк туымызды Тайланд төрінде желбіреткен спортшы

Қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген дарынды, талантты жастарымыздың саны жыл санап өсіп келеді. Сондай жастардың бірі, жетістіктері патриоттық рух пен елжандылықтың тамаша үлгісіне айналған, екі дүркін Азия чемпионы, студенттер арасында Әлем біріншілігінің жеңімпазы атанған текелілік спортшы - Дидар Өтелбаев. Спорт әлеміне алғашқы қадамын 12 жасында жасаған боксшы  жаттықтырушысы Тұрарбек Омарұлынан былғары қолғаптың қыр-сырын үйреніп, көптеген жеңістерге қол жеткізді.

Үздіксіз жаттығулардың арқасында жас спортшы Куба, Ресей, Молдава, Белоруссия, Қытай, Корей және Болгария елдеріндегі жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Сөйтіп, 2010 жылы Қазақстан құрамасына еніп, үлкен бокстағы жолы басталады.

2015 жылы Дидар ересектер арасындағы чемпионатта Қазақстан Республикасының жеңімпазы атанып, 2016 жылы студенттер арасындағы Азия біріншілігінде жеңіске жетеді. Бокстағы шыңы - әлем біріншілігіндегі жеңісі. 2016 жылы Тайланд төрінде Қазақ Елінің туын көкке желбіретіп, Мемлекеттік Гимнді зор мақтанышпен шырқады.

Өкінішке орай, 2017 жылы Астана қаласында өткен халықаралық турнирде алған жарақатына байланысты Дидар рингке шығуды тоқтатты.

-"Адам ерлігінің ең зор сынағы - жеңіліске ұшырағанда рухы түспеу" дейді, әр жеңісіммен қатар жеңілісім де жігеріме жігер қосты. Сонда да еліме қызмет етуді жалғастырамын. Ендігі кезекте менің арманым - Олимпиада шыңын бағындыратын, еліміздің мақтанышы болатын шәкірт тәрбиелеу. "Ұстаздан шәкірт озар" дейді ғой. Мен тәрбиелеген шәкірттер мен жеткен белестерден асып, үлкен жетістіктерге жетсе, ол - мен үшін үлкен абырой,-дейді жас бапкер.

Осы орайда спортшының барлық жетістігін еске алып, алдағы бапкерлік қызметіне сәттілік тілеу үшін Текелі қаласының Мәдениет үйінде Дидардың құрметіне салтанатты жиын өтті. Жиында «Ат тұяғын тай басар» дегендей, Дидар Өтелбаев жеңіс тұғырындағы былғары қолғабын болашағынан зор үміт күтетін, жігерлі жас інісі Досанов Айбекке табыстады. 

Жас та болса бокстың қыр-сырын жетік меңгерген азаматқа ел ағалары өзі секілді ел абыройын асқақтататын талантты боксшыларды тәрбиелеп шығаратынына зор сенім білдіріп, ат мінгізді.

Салтанатты жиынға қатысқан Дидардың бапкерлері, жетістіктерге жетіп жүрген спортшылар, сондай-ақ, туған-туыстары, достары және қала тұрғындары оны толықтай қолдайтындарын және зор сенім білдіретіндерін жеткізді.