Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » ЖАЙЛЫ ӨМІР НЕГІЗІ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА

Жаңалықтар

ЖАЙЛЫ ӨМІР НЕГІЗІ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 25.10.2018
Оқылды: 96 Печать страницы
ЖАЙЛЫ ӨМІР НЕГІЗІ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА

Осы аптада қалалық Мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаев биылғы жаңа Жолдауында ерекше маңыз берген «7-20-25» бағдарламасын іске асыру мақсатында бірқатар банк өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, ипотекалық жобаларды жан-жақты түсіндірді.

Алматы облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Саид Дарменов, сондай-ақ, Халық банкі, Ұлттық банк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және Центркредит банкінің өкілдері қатысқан келелі кездесуді қала әкімінің орынбасары Руслан Дүйсебаев жүргізіп, сөз тізгінін Ұлттық банктің өкілі Бағлан Диханчиновке берді.

Биыл наурыз айында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде Елбасы ел тұрғындарының баспана мәселесін оңтайлы шешуге арналған «7-20-25» бағдарламасын іске асыру бойынша Ұлттық банкке арнайы тапсырма бергенін, тапсырмаға сай банк дайындаған «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты ипотекалық жобасы шілде айынан бастап іске қосылғанын атап өткен Б.Диханчинов банк жобасына кеңінен тоқталды.

Ол, ең алдымен, «7-20-25» бағдарламасына қатысқан серіктес банктерді еске салды. Олар: Халық банкі, Центркредит, АТФ, ВанкRBK, Еуразиялық Банк, Цесна Банкі және ForteBank. Яғни, тұрақты табысы бар Қазақстан азаматы 25 жылға дейін жылдық
7 пайыздық өсіммен және алғашқы 20 пайыздық жарна арқылы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау мен Шымкент қалаларынан баспана сатып алуға 25 млн. ал, өзге өңірлерден баспаналы болу үшін 15 млн. теңге көлемінде аталған банктерден ипотека ала алады.

Дәл осы жерде, Алматы облысы әкімі Амандық Баталов өңірде тұрғын үй бағдарламасын іске асыру үшін жедел іске кірісіп, қолда бар мүмкіндіктерді жан-жақты пайдалануға күш салып отырғанын, яғни, бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарға, соның ішінде  мұғалімдер мен дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы 20 пайыздық жарнаның 10 пайызына тұрғын үй сертификаты түрінде ұзақ мерзімге процентсіз несие берілетінін, оған жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылатынын, осы мақсатта облыс әкімі А.Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойғанын ерекше атап өтті. Меморандум бойынша алда облысымызда 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады деп күтілуде. Айта кетерлігі, меморандумға сай ұзақ мерзімге берілетін 10 проценттік үстеме ақысыз несие Алматы облысында орналасқан тұрғын үйлерді алуға ниетті облыс тұрғындарына   беріледі.  

Б.Диханчинов, сондай-ақ, ипотекалық қаржыны алудың шарттары мен қажетті құжаттарға да тоқталды. Атап айтқанда, азамат алдымен өзі алатын үйді нақты белгілеп, банк қызметіне жүгінеді. Банк барлық шарттарды қарап, мақұлдайды. Осыдан соң құрылыс салушымен келісімшарт жасалып, алғашқы жарна құрылыс салушы компанияға аударылады. Сонымен бірге, баспананың кепілде болмауы, құжат-тарының дұрыс, толық болуы шарт. Азаматтар үшін тұрақты табысын, меншігінде тұрғын үйі жоқтығын растайтын құжаттар басты назарда.   

Кездесуде банк өкілдері қала тұрғындарының қойған сұрақтарына да жауап беріп, бағдарламаның барысын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жалпы, Елбасының жаңа Жолдауы еліміздегі әлеуметтік жағдайдың жақсара түсуіне соны серпін беретініне ел сенімді. Шынымен де, жайлы өмір қолжетімді әрі сапалы баспанадан бастау алады емес пе! Жаңадан үй тұрғызатын мердігер құрылыс компаниялары халықтың жайлы өмірге деген осы үмітін ақтай білуі, салған үйлері азаматтардың тірнектеп жиған қаржысына лайықты болуы керек-ақ. Демек, «7-20-25» бағдарламасы азаматтардың сенімді һәм табанды құлшынысы мен құрылысшы мердігер компаниялардың сапалы құрылыс жұмысымен, сонымен бірге, бағдарламаға серіктес банктердің қолжетімді де ыңғайлы құжаттық қызметтерінің бір жұдырықтай жұмылған селбестігінің арқасында сәтті жүзеге асады.