Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » «Хан тәңірі медиа экспедициясы» аяқталды

Жаңалықтар

«Хан тәңірі медиа экспедициясы» аяқталды

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 07.08.2018
Оқылды: 98 Печать страницы
«Хан тәңірі медиа экспедициясы» аяқталды

Экспедиция мүшелері шыңға шыға алды ма? Қандай қиындықтарға кезікті? Осы сұрақтардың бәріне Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі жанындағы брифингте жауап берілді. Экспедиция Алматы облысы әкімдігімен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Естеріңізге сала кетсек, экспедиция құрамында қазақстандық актерлер Әнуар Нұрпейісов, Айсұлу Әзімбаева, National Geografic ұйымдастырған «Әлемнің 100 кереметі» атты халықаралық фотофестивальдің қатысушысы, фотограф Александр Кузнецов және Жетісу географиялық қауымдастығының басшысы Әнуар Демегенов тау шыңына бірнеше апта бойы шығуға талпынған.

Әнуар Нұрппейісовтың айтуынша тауға шығу оңай емес. Шыңды бағындыру барысында бірнеше рет басын қатерге де тігіпті.

- Хан тәңірін мен ешқашан ұмытпаймын. Себебі, бұл сапарды басқаларымен салыстыруға мүлде келмейді. «Таудан тек тау ғана күшті» деген сөзді мен толығымен растаймын. Өз басым 5500 метрлік биіктікті ғана бағындыра алдым. Ары қарай мүмкіндік болмады. Алдыңғы брифингте ол жақта аман қалу мүмкіндігі мүлде аз екенін айтқан едім. Тауда шамамның қаншалықты екенін сонда білдім. Таудан екі рет  құлап кете жаздадым. Ол шынымен қорқынышты болды. Мұндай кезде жаныңдағы серіктеріңнің сені құтқару үшін барын салатынын көрдім. Бірге барған жолсеріктерімнің әрқайсысына ризамын. Біздің бастамамызды құп көріп, демеулік еткен Алматы облысына алғысым шексіз. Келгеннен соң өмірді біршама бағалай бастағанымды байқадым. Қазіргі күні мен өмірімді Хан тәңірі экспедициясына дейін және кейін деп екіге бөлетін жағдайға жеттім, - деді Әнуар Нұрпейісов.

Ал нәзік жанды Айсұлу Әзімбаева 6000 метрлік биіктікке дейін көтерілген.

- Мен өзімді дәл мұндай биіктікке көтерілем деп ойламаппын. Шыңнан бізді тек 1000 метр ғана бөліп тұрды. Дегенмен, мен өзіме ол жаққа қайтып келемін деп уәде бердім. Күні кеше ғана ол жақтан қайтып келсем де, Хан тәңірі шыңын сағынып отырмын. Мені таңдандырған бір жайт – әлемнің ең биік шыңдарының бірі біздің тұрғылықты жерімізден бір күндік қана қашықтықта. Бұл шыңды бағындыру үшін жақсы, мұқтят дайындық керек. Тау туризмі елімізде ақырындап дамып келеді. Ол жақта біз қазақстандықтармен қатар, шет ел азаматтарын да көптеп жолықтырдық. Сапар барысында күлкіге қарық қылған да, жылағымыз келген де ситуациялар болды. Мұның бәрі менің есімде мәңгі қалады, - деді Айсұлу Әзімбаева.

Әнуар Демегновтың айтуынша аталған экспедицияның мақсаты салауатты өмір салтын қалыптастыру, Алматы облысының тау туризмін дамыту және «Жетісу» брендін насихаттап, жастардың физикалық пен техникалық даярлықтарын дамыту.

Тан тәңірі шыңы әлемдегі ең қиын шыңдардың бірі болып саналады. Оған шығу үшін қазіргі күні 25 маршрут жасалған.

Естеріңізге сала кетсек, экспедиция 16 шілде мен 8 тамыз айларының аралығында өткен болатын. Хан тәңірі шыңына шығатын экспедиция мүшелері соңғы жарты жыл бойы даярлықтарын шыңдаған еді. Алдағы уақытта аталған сапар жайында толықметражды фильм жасап шығу жоспарлануда.