Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » АЙДЫНДА АҚҚАН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Жаңалықтар

АЙДЫНДА АҚҚАН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 24.07.2018
Оқылды: 41 Печать страницы
АЙДЫНДА АҚҚАН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның чемпионы Денис Теннің мезгілсіз қазасы халқымыздың қабырғасын қайыстырды. Қазақстандықтармен бірге әлем жұрты қайғырып, көңіл айтты.

Елі айдында аққан жарық жұлдызының шұғылалы өмірі мен еңбегін еске алды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты.

«Денис Тен мәнерлеп сыр-ғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді. Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ, бітімі  ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады»,– деді Елбасы.

1993 жылы 13 маусымда Алматыда өмірге келген Денис Тен балалық шағында музыкаға әуестенсе де, есейе келе мәнерлеп сырғанауды таңдады.
2003 жылы «Хрустальді коньки» турнирінде оны осы спорт түрінің белгілі шебері Елена Буянова байқап, Мәскеуге шақырды. Ол 2010 жылы Лос-Анджелеске аттанып, шеберлігін сонда шыңдады.

Денис Тен Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортының тарихында жаңа беттер жазды. 2011 жылдың ақпанында Қазақстанда өткен VІІ қысқы Азия ойындарында алтын жүлдені жеңіп алды. Екі жылдан кейін Канадада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені еншіледі. Сөйтіп, қазақстандық мәнер-леп сырғанаушылар арасында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Оның спорттық жолындағы шоқтықты жеңісі – Сочи олимпиадасындағы қола медалі. Алтынға тең сол қола медаль Қазақстан қоржынындағы жалғыз жүлде болатын әрі тәуелсіз ел тарихында  мәнерлеп сырғанаудан алынған бірінші медаль еді.

Шындығында, осынау биік жетістіктердің артында Денистің туған Отанның абыройын асқақтатуды мақсат тұтқан перзенттік сүйіспеншілігінің, ізденісті еңбегінің ізі сайрап жатыр. Ол Америкада шеберлігін шыңдаған жылдарда бар уақытын тек жаттығуға арнап, өзі тұрған Лос-Анджелес қа-
ласын аралап, саяхат жасауды ойына да алмаған.   

 Мінезі, азаматтық келбеті өзі таңдаған мәнерлеп сырғанау спорты секілді мәнерлі Денис қаншама биіктен көрінсе де, өзінің кішіпейіл мінезінен, сүйкімді қалпынан танбай, халқының қошеметіне бөленді. 

Елбасы атап айтқандай, ол елінің нағыз патриоты, елшіл оғланы еді.

Денис Тен: «Кореяда өмір сүру, адамдарының қандай екенін көру, не ойлайтыны әрдайым қызық болды. Менің ата-тегім кәріс болған соң «кәріс қазағысың ба, әлде қазақ кәрісісің бе?» деп сұрақ қояды. Өмірлік құндылықтарым мен көзқарастарымды салыстыра келе, кәріске қарағанда қазаққа көбірек ұқсайтынымды ұқтым. Басқа жерге кеткенде Отаның әрдайым сенімен бірге деген сөз бар. Мен мұны кішігірім нәрселерден-ақ байқай аламын. 10 жасымда Мәскеуге, 17 жасымда Америкаға кеттім. Сонда да жан-тәніммен өз елімде қала беретінімді сездім. Қазақстан деп жүрегі соғатын спортшылардың қатары артады деп үміттенемін»,– деген еді. 

Ол елшілдік, мемлекетшіл-діктің жарқын бейнесін үлгі етіп қалдырды. 

Небәрі 25 жасында өмірден өткен Денис жас Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спортының негізін қалады. Жарыстардан, жаттығулардан қолы босай қалғанда «Биікке ұмтыл»  ұранымен шеберлік сыныбын ашып, жас буынды мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырына баулыды.

«Құрмет» орденінің, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Денис Теннің жарқын бейнесі ел жадынан мәңгі өшпейді. Оның рухы бізбен бірге.