Навигация

Ақпарат

Баннеры

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » БАСПАНА БАҚЫТЫ

Жаңалықтар

БАСПАНА БАҚЫТЫ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 30.03.2018
Оқылды: 185 Печать страницы
БАСПАНА БАҚЫТЫ

Наурыз мейрамында Текелідегі 80 отбасы қоныс тойын тойлады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 80 пәтерлі жалгерлік үйдің кілтін қала әкімі Бахтияр Өнербаев мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған азаматтарға табыстап, жаңа қоныстың құтты, берекелі болуын тіледі.

Жаңа үйге ие болып, қуаныш-тары қойындарына сыймаған тұрғындар пәтер кілттерін салтанатты жағдайда қала әкімінің қолынан алып, алғыстарын жаудырды. «Нұрлы жер» бағдарламасының талабына сай тұрғын үй алу кезегі келген көп балалы, толық емес отбасылар, жетім балалар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер жаңа пәтерлерінің коммуналдық төлемдерімен қоса арнайы бекітілген көлемдегі жал ақысын төлеп тұрады. Үй құрылысын бастан-аяқ мойнына алған мердігер «Керуен сервис» ЖШС бас инженері Владимир Ангешанов: «80 пәтерлі тұрғын үй құрылысына отандық құрылыс материалдары қолданылды. Үйдің маңайы абаттандырылып, балалар ойнайтын алаң жабдықталды. Әр пәтерге газ плитасы берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына барлық жағдай қарастырылды. Баспаналы болған тұрғындардың талап-тілектері біз үшін әрқашан маңызды», – дейді.

Шашу шашылып, қазан асылып, жаңа үйдің шамдары жағылды. Ата-әжелер тәубесін айтса, балалар асыр салып, мәз-мейрам. Екі бөлмелі пәтерге ие болған Жанар Хожамжарова: «Мен мүмкіндігі шектеулі баламды тәрбиелеп отырған анамын. Үй кезегіне 2008 жылы тұрғанмын. Міне, биыл тілегіміз қабыл болып, кезегіміз келді. 13-ке келіп қалған балам мүгедектер арбасымен қозғалатындықтан, пәтерді 1-қабаттан алдық. Арбаны автоматты көтеріп-түсіруге арналған арнайы пандус бар екен. Осындай игілікке бөлеген ел басшыларына, құрылыс саласының мамандарына ризалығым шексіз», – деп ағынан жарылды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алдағы уақытта 40 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй салу қала жоспарында тұр. Баспаналы болу бақыты кезең-кезеңмен өз кезегімен барлық отандасымызға бұйыруға тиіс.