Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » КЕҢ ЖҮРЕКТІ КЕМЕЛ ҰЛТ

Жаңалықтар

КЕҢ ЖҮРЕКТІ КЕМЕЛ ҰЛТ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 02.03.2018
Оқылды: 185 Печать страницы
КЕҢ ЖҮРЕКТІ КЕМЕЛ ҰЛТ

Кенересінен тасып төгілген мейірім мен қонақжайлылық, достық пейіл қазақ халқының баға жетпес байлығы. Алғыс айту күнінде текеліліктер бауырмалдық пен бірлікті, татулықпен тиянақталған берекелі тірлікті дәріптеп, бір-біріне шексіз ризашылықтарын білдірді.

Татулық бесігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде тойланатын бұл мереке ынтымағымызды еселей түсетіні анық. «Металлург» шағынауданындағы клуб бірлігі жарасқан ұлттардың жып-жылы ұясына айнал-ғандай. Қазақтың киіз үйі, кең дастарқаны, дархан көңілі, өнегелі салты мен әдет-ғұрпы салтанат құрған залда славян, шешен, кәріс, өзбек, татар ұлттарының этномәдени орталықтары ұлттық қолөнер, тағам, салт-дәстүрлерін паш етіп, мереке көрігін қыздырды.

Жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнін қосыла шырқап, тағдырдың жазуымен осы топыраққа табан тіреген сан түрлі этнос өкілдерін бауырына басқан Қазақ елінің мәртебесін аспандатты. Көпшілікті Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгілікке толы мерекенің маңызын атап өткен қала әкімі Бахтияр Өнербаев: «Қазақ елі қарышты дамып, Үшінші жаңғыру, Төртінші өнеркәсіптік революциялық өркендеу жолына түсті. Қоғамдық сана өзгеріп, «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасымен ұлттық құндылықтарымыз жандануда. Еуразия кіндігі – бейбітшілік бесігі саналатын Елордамыз Астанаға биыл 20 жыл. Мұның бәрі де, әрине, Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асырылған Ұлы Дала елінің зор мақтаныштары»,– деп этносаралық ынтымақ пен бірлікті бекемдеу мен ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді дәріптеуде белсенділік танытқан азаматтарды марапаттады. Светлана Кнуренко, Сергей Василенко, Тумрес Жылқыбаева, Индира Садықова, Светлана Матвеева, Жанна Мәлікова, Ибрагим Гусенов және Самал Куренкеева Алғыс хатқа ие болды.

Қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский текеліліктерді мерекемен құттықтап, қазақ халқына жүрекжарды алғысын жеткізді. Ал ардагер ақын Светлана Кнуренко кеудесін кернеген ризашылығын рухты өлең жолдарымен жеткізді.

Тілі басқа болғанымен, тілегі ортақ халықтың әуелеген әні мен құйқыл-жыған күйлері, мың бұрал-ған билері сахнада жарасым тауып, достық көңілді шалқытты.