Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Елімізде тағы он бес цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады

Жаңалықтар

Елімізде тағы он бес цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 20.02.2018
Оқылды: 248 Печать страницы
Елімізде тағы он бес цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады
Бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті.
«Цифрландыру саласында сіздер құзыретті орталыққа айналу керексіздер. Бұл үшін сіздерде барлық ресурстар мен мүмкіндік бар. Мобильді үкіметті қалыптастыру үшін мекемелердің ақпараттық жүйелерін біріктіру үрдісін қарқынды түрде жүргізіп, халықты жаңашылдықтар туралы құлағдар етуге де күш салыңыздар», - деді А. Жұмағалиев.
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өз кезегінде министрліктің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралары туралы баяндап, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті. «Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған барлық тапсырманы жүзеге асыруға кірістік. Бір жылдың ішінде жоспардағы шаруаларды толық атқардық деген ойдамын. Олардың арасында ақпарат саласы, байланыс, ақпараттандыру мен мемлекеттік қызмет бағыттары бар. Сонымен қатар, ақпарат және коммуникация бойынша заң жобасына түзетулер енгізілді. Ең бастысы биыл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», - деді министр. Сондай-ақ ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның атқарып жатқан жұмыстарына да тоқталды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру барысындағы жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Былтыр 415 мемлекеттік қызмет сарапқа салынып, оның 206-сын оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Комиссия жұмысының қорытындсы бойынша жүзеге асқан пилоттық жобалардың ішінде «Анықтамасыз қызмет» - «Paper free» сервисі де бар. Бұл жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғалар электрондық үкімет порталынан ақпараттық анықтамалар ала алады.
Кездесу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов 2017 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен биылғы жылдың мақсат-міндеттері туралы баяндады. Сондай-ақ ол былтыр 29 желтоқсанда іске қосылған бала туу бойынша проактивті қызмет желісімен де бөлісті. Осы жобаға сәйкес жаңа босанған 34 мыңнан астам әйелге мемлекеттік қызметтерді телефон арқылы алу ұсынысымен SMS-хабарлама жолданып, оның 17 мыңнан астамы бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланған. Проактивті мемлекетке көшуге бағытталған жоба аясында фронт-офиске бармай-ақ, тіпті үйден шықпай-ақ, туу туралы куәлік пен тиісті жәрдемақыларды рәсімдеуге, сәбиді балабақшаға кезекке қоюға болады. Жуырда жаңа туған баланы SMS көмегімен тұрғылықты жерге тіркеу қызметі де іске қосылады.
«Биыл біз жылжымайтын мүлік иесінің мәліметтерінің өзгеруіне, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік төленуіне, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу мен атқарушылық іс жүргізуді қозғауға қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсету барысын да проактивті тәсілге көшіреміз», - деді А. Оспанов. Сондай-ақ биыл халықтың цифрлық сауаттылығын 77 пайызға дейін арттыру көзделген. Осы мақсатта алдағы уақытта ел бойынша тағы 15 цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚО) ашылады. Қазіргі таңда цифрлық ХҚО тек Астана қаласында бар.
Еске сала кетейік, 2017 жылы мемлекеттік корпорация 38 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, оның 63 пайызын электрондық нұсқада ұсынды.
 
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ
Баспасөз қызметі