Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » СОТ ҒИМАРАТЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Жаңалықтар

СОТ ҒИМАРАТЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 166 Печать страницы
СОТ ҒИМАРАТЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

1 ақпанда Текелі қалалық сотының еңселі жаңа ғимаратының тұсауы салтанатты түрде кесіліп, көпшілік қара қылды қақ жаратын сот қызметкерлерін жаңа қоныстарымен құттықтады.

Сәулеті жарасқан жаңа ғима-раттың ашылу рәсіміне Жоғарғы Сот, облыстық әкімдік және сот өкілдері, қаладағы мекеме, кәсіпорын басшылары, құқыққорғау органдары, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты. Жоғарғы Соттың судьясы Нұржан Қайыпжан, Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов Текелі қалалық сотының қызметкерлерін сапалы, заманауи технологияға арқа сүйей, республикалық бюджет есебінен салынған жаңа ғимаратқа көшулерімен құттықтап, тәуелсіздік жылдарында еліміз қол жеткізген толағай табыстар сот жүйесіне де оң әсерін тигізгенін, Жоғарғы Сот бекіткен типтік жоба бойынша салынған бұл ғимаратта соттық даулар қаралатын нысан санаттарының барлық талаптарына сай екенін атап өтті.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау лебізін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов құқықтық мемлекет жүйесін дамытуға айрықша назар аударылған елімізде соңғы үлгідегі сот ғимаратының жер-жерде ашылуы Елбасы Жолдауындағы міндеттердің бірі – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдық келісім мен экономиканың дамуына қосылған үлес екеніне тоқталды.

Алты айдың ішінде айшықты ғимаратты тұрғызған мердігер «АСК-Ауыл құрылысы» ЖШС директоры Анатолий Рябинин Текелі қалалық сотының  төрағасы Ернар Қасымбековке ғимарат кілтін табыстады. А.Рябинин: «Ғимараттың жалпы аумағы 1782,93 шаршы метрді алып жатыр, нысан үш құрамды. Судьялар, мамандар, сотқа келушілерге барлық жағдай жасалған. Екі сот отырысы залы, және бір мәжіліс залы, адвокаттар мен прокурорлар кабинеті, күту залдары, мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы кабинеттер және техникалық мамандардың орынжайлары бар. Біз барлық инженерлік желілерді тарттық, маңайды абаттандыру жұмысына да көңіл бөлдік. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар да кедергісіз келе алады. Сапалы жиһаздар, қазіргі заманғы бейне, аудио жазу құрылғылары орнатылды. Құрылысқа негізінен отандық материалдар қолданылды. Әсіресе, Текелінің граниті сапасымен де, сәнімен де көз тартады»,– деді.

Ғимаратты аралап көрген көпшілік құрылыстың, жабдық-тардың сапасына көңілдері
толып, сот жұмысына табыс тіледі.