Навигация

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » ТАБЫС КІЛТІ – ТИЯНАҚТЫ ІС

Жаңалықтар

ТАБЫС КІЛТІ – ТИЯНАҚТЫ ІС

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 26.01.2018
Оқылды: 346 Печать страницы
ТАБЫС КІЛТІ – ТИЯНАҚТЫ ІС

Сәрсенбіде Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев қалалық Мәдениет үйінде қала тұрғындарымен қорытынды есептік кездесуін өткізді.

Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, мәслихат хатшысы Николай Калиновский, сондай-ақ, мекеме, кәсіпорын басшылары, құқыққорғау органдары, ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары, саяси партиялар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Алдымен қаладағы мекеме, кәсіпорындардың заман талабына сай кемелдене түскен материалдық-техникалық базасы, қол жеткізген жетістіктері бейнеленген көрме назарға ұсынылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар-дың нәтижелері көрмеге жаңаша мазмұн үстеп, көпшілікті баурады. Көрмені аралап, сан салалы шаруашылыққа бет түзеген қаламыздың бүгінгі тыныс-тіршілігіне ден қойған А.Байжанов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысындағы сәтті қадамдарға, әсіресе, ел мен жерге деген перзенттік жауапкершілікке ризашылығын білдірді.

Есептік кездесуді жүргізген қалалық мәслихат хатшысы Николай Калиновский көпшілікті жиынның күн тәртібімен таныстырып, сөз кезегін қала әкіміне берді.

Жаңа жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында алға қойылған тарихи өрлеу бағытындағы маңызды міндеттерден бастау алғанын, алдағы жұмыстардың салмағы осы міндеттерді, сонымен бірге, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «Өңірлерді дамыту-2020», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Балапан», «Денсаулық», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» және «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын кешенді түрде іске асыруға бағытталатынын айтқан қала әкімі өткен жылдағы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Ол өткен жылғы есептік көз-десулерде айтылған ұсыныс, сын-ескертпелерді іске асыру бойынша құрылған жоспардың толықтай орындалғанын, бұл жолы да тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне маңыз берілетінін еске салды.

Қала әкімі өткен жылы бюджет түсімі, соның ішінде, өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі, әсіресе, шағын және орта бизнестің үлесі артқанын нақты көрсеткіштермен сипаттап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында және «Өңірлерді дамыту», көлік инфрақұрылымдарын дамыту бағдарламаларын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне жеке-жеке тоқталып өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іс-шаралардың отаншылдық рухты көтерудегі рөліне мән берді. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша текеліліктердің ортақ игілігіне айналған ізгі істерді атап, оған қолдау көрсеткен ұйымдар мен жеке кәсіпкерлерге ризашылығын жеткізді, осы бағыттағы үлгілі істерді одан әрі жалғастырудың өзектілігін алға тартты. Атап айтсақ, «Туған жер» арнайы жобасы аясында жалпы сомасы 158,5 млн теңгеге Орталық Азия университетіне апаратын жол салу, балалар ойын алаңын орнату, «Сұңқар» футбол командасының Сочиде өткен халықаралық турнирге қатысуын қолдау, «Батыр» күрес залын ашу, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға ортопедиялық кресло сыйлау секілді бес игі жоба жүзеге асырылды.

Қала басшысы білім, денсаулық сақтау істеріндегі нақты қадамдар жайында баяндады. Спортты дамытып, салауатты өмір салтының бұқаралық сипатын арттыру, мәдениетті көтеру бағытындағы құлшыныстарға назар аударды. Тәртіпті сақтап, орнықты қоғамдық орта құру жолында көп болып үлес қосудың қажеттілігін салмақтады. Әлеуметтің әлеуетін көтеру, жұмыспен қамту жүйесіндегі көрсеткіштерді атап өтті.

 Қала әкімінің баяндамасын ықыласпен тыңдаған жиынға қатысушылар тарапынан жарыс-сөзге шыққан «Шарапат-Сауап» қайырымдылық қорының президенті Бүркітбай Файзолла, қалалық мәслихат депутаты Валентина Кубрак, №8 орта мектебінің мұғалімі Сержан Телтаев қала дамуына қатысты пайымды пікірлерін ортаға салды. Тұрғындар көкейтесті сауалдарын қойды. Бұл ретте Рудничный ауылындағы спорт нысанын жөндеу, қалалық кітапхана, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ғимарат жағдайы, жолдар мен тротуарларды жөндеу, қала аумағындағы бау-бақшаларды химиялық зарарсыздандыру бойынша түйткілді жайттарға назар аударылды. Б.Өнербаев аталған мәселелердің оң шешім табуы бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.

Алматы облысы әкімінің орынбасары А.Байжанов облыс көлеміндегі өркенді істерге тоқталып, облыстың даму үдерісінде Текеліге бөлекше назар аударылатынын айтты. Текеліліктерге жинақталған өндіріс қалдықтары қоймасын қалпына келтіру, таза ауыз су мәселесін шешу, қалаға газ тарту жұмысына екпін берілетінін жеткізді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға кәсіпорындардың толық қуаттылық жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындарда жаңғырту және цифрландыру ісін қолға алу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша инвесторларды тарту, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары  шеңберінде бөлінген қаражатты толық игеріп, нысандарды уақытылы іске қосу, әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағасының орынсыз көтерілуіне жол бермеуді тапсырды.

Елбасы Жолдауындағы міндеттерді, мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа ала отырып, межелі мақсаттарға абыроймен жету үшін тек жұмылған жұдырықтай бірлік, қажырлы еңбек қажет.

 

Бүркітбай ФАЙЗОЛЛА, «Шарапат-Сауап» қайырымдылық қорының президенті:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – әрбір отандық саясат-кердің, әрбір қазақстандықтың борышы мен ар-ожданы» деп «Ұлы Дала ұлағаттарында» айтқандай, әрқайсымыздың туған ел, туған жер алдындағы парызымыз бар.

Бағыты айқын, экономикасы мығым мемлекетіміздегі рух бекемдігін нығайту мақсатында Ұлт көшбасшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ардагерлер қызметіне де тың серпіліс бергені сөзсіз. Ізімізден ерген жас буынға білгенімізді үйретіп, өнегелі өрнек қалдыру ізгі ниетіміз. Осы мақсатта мектептерде «Ұрпақтар сабақтастығы», «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағытында ұлттық құндылықтарды ұрпаққа ұғындыру, көрсету арқылы тәрбиелік шаралар өткізілуде. Асық атып, домбыра тарту, бүркіт салып, саятшылық ету – бабалардан жеткен дәстүрлі салтымыз екендігін дәріптеп, жас өскіндерді осыған баулып жатырмыз.

Отыз жылдық тарихында облыстық, қалалық шараларда белсенділік танытып, бел ортасында жүретін Ардагерлер ұйымы, «Абзал ана отауы», «Надежда» ансамбльдері өткен жылды да табысты қорытындылады. Қарттарымыздың қазыналы қоржынында алты жүлделі жеңіс бар.

Жуырда Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында зейнеткерлерді тағы бір қуантып, зейнетақының еңбек өтіліне сәйкес артатынын айтты.

Мәңгілік Ел болу ұстанымымен озық отыз елдің төріне ұмтылған мемлекетіміздің мәртебесі АҚШ-та өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы жиынына төрағалық еткен Елбасымен тағы бір асқақтады. Мерейіміз тасып, елдік қуаныш кеудемізді кернеді.

Сержан ТЕЛТАЕВ, №8 орта мектебінің мұғалімі:

«Қазақстанның болашағы жастардың қолында екендігін Елбасы әр Жолда-

уында айтады. Жастар үшін білім берудің қолжетімділігін кеңейту, жастардың еңбекпен қатар білім алуына мүмкіндік туғызылуы, қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасының қолға алынуы жастарға сенімділік, ерік-жігер береді.

Осы орайда, атап өтерлік жайт, қаламыздағы білім мекемелері қызметкерлерінің қатары жыл сайын жас мамандармен толығып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, тұрақты жұмыспен және баспанамен қамтылуда. Өткен оқу жылында 21 жас маман келіп, 6 маман пәтермен қамтамасыз етілді.  

Өңір басшысы білім саласының тыңғылықты дамып, әр баланың сапалы білім, саналы тәрбие алуын үнемі басты назарда ұстап келеді. Қалада жастардың жұмыспен қамтылуымен қатар, бос уақытын тиімді өткізуіне де жағдай жасалған. Әсіресе, спорттық үйірмелердің, секциялардың жұмысы жақсы жолға қойылып, өз нәтижесін беруде.

Мемлекет қолдауын сезінген біздер, яғни, жастар да, оқушылар да, өз кезегінде, еліміздің спортының дамуына өз үлесімізді қосудамыз. 2017 жыл қалалық футбол федерациясы үшін өте жемісті жыл болды. «Сұңқар» футбол командасы қаламыздың намысын облыста айқын басымдықпен қорғап, жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Біздің шәкірттеріміз республикалық «Coca Сola» былғары доп ойынының жеңімпазы атанып, Сочи қаласында өткен халықаралық дәрежедегі турнирде еліміздің абыройын асқақтатып, үздік ондыққа енді. Қазақ елінің көк байрағын доп додасында желбіретуді мұрат тұтқан жеткіншектерді рухтандырып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымыз шексіз.