Навигация

Жаңғыру 3.0

Жалпы ақпарат

Ақпарат

Баннеры

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » ЖАҢА ДӘУІР БАСТАУЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТАҢБА

Жаңалықтар

ЖАҢА ДӘУІР БАСТАУЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТАҢБА

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 10.11.2017
Оқылды: 24 Печать страницы
ЖАҢА ДӘУІР БАСТАУЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТАҢБА

Өркениет көшіндегі ұлт руханиятын жаңғыртудың тарихи белесі болып табылатын қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің  маңыздылығын ел-жұртқа жеткізу, көпшілікпен ой бөлісу мақсатында құрылған «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты Алматы облысының ақпараттық топ мүшелері осы аптада Текелі жұртшылығымен жүздесті.

Қалалық әкімдікте өткен бас-қосуға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мекеме, кәсіпорын ұжымдары, ұстаздар және жастар қатысты. Жиын тізгінін алған қала әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тарихи салмағы басым бірегей жобаларының бірі жаңа қазақ әліпбиіне көшу жаңаруды жатсынбайтын, рухы мықты, ұстанымы берік мемлекеттілігіміздің асқақ айғағы екенін алға тартып, Елбасы Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіміз қоғамда қызу талқыланып, республика көлемінде, облыс, аудан, қалаларда  түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап, облыстық жұмыс тобы мүшелерімен таныстырды. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Шара Қияхметова, облыстық «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар тағылымы мен танымы мол әңгіме өрбітіп, текеліліктердің толғамды пікірлерін тыңдады.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы А.Башбаев: «Қандай мемлекет болсын, қай ұлт болсын өзінің даму барысында белгілі бір кезеңде түрленіп, жаңғырып отырмаса, оның қоғам дамуының үдерісіне ілесе алмай қалатыны анық. Сондықтан да, Елбасымыз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жасап, болашаққа деген батыл қадамдарды айқындап беріп отырды. Бүгінгі таңда еліміз қарқынды ілгерілеу жолындағы дамушы мемлекет. Ендігі мәселе – рухани реформа. Егемен ел, ұлт болғаннан кейін оның тілі болуы керек, тілі болуы үшін оның өз жазуы, ал жазуы болуы үшін төл әліпбиі болуы керек. Сол себепті де, Тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастаған кезеңде Елбасымыз ұлттық тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, оны одан әрі дамыту тұрғысында жаңа әліпбиіміздің жобасын биылғы 26 қазанда бекітті. Мемлекет басшысы Жолдауында ХХІ ғасырды тәуелсіз Қазақстанның алтын ғасыры деп атады. Әліпби ауыстыру кез келген буынға бұйырмайтын тарихи сәт. Қыран құстың биікке самғауы үшін қашанда уақыт пен бап керек. Бұл жолы да солай. Алдағы уақытта кезең-кезеңмен жаңа әліпбиге көшу жұмыстары белгіленіп отыр. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарындағы 25 ел осы латын графикасындағы әліпбимен білім-ғылымын ұштастырып келеді. Кез келген ұлы бастамаларды жүзеге асыруда халықтың ауызбірлігі мен ынтымағы маңызды. Жаһан-дану заманында неше түрлі қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін ұлттық рухымыз, намысымыз бірінші кезекке шығуы керек. Сол арқылы ғана біз қуатты ел, мықты халық, тұрақты мемлекет бола аламыз. Мәңгілік елдің мәңгілік тілі болуына бәріміз қызмет етейік», – деп көпшілікті рухани жаңғыру жолындағы жаңа әліпбиге көшу бастамасын қолдауға шақырды. 

Латын графикасындағы әліпбиге біз көшіп отырған жоқпыз, қайта оралып отырмыз»,– деген «Өлке тынысы» ЖШС директоры М.Жанәділов әбден пісіп-жетіліп барып қабылданған қазақтың жаңа әліпбиі тілімізді тазартуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор ықпал ететінін жеткізді. Ол Қазақстан өз болашағын ойласа, латын графикасындағы әліпбиге көшу қажеттілік екенін айтқан шетел ғалымдарының пікіріне тоқталып, үлкен істің бастамасы ретінде келер жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің атауын латын графикасымен шығаруды жоспарлап отырғандықтарынан да хабардар етті.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, профессор Шара Қияхметова латын графикасына көшу үлкен төзімділікті, уақытты, ауызбіршілікті, білімді қажет ететін үдеріс екенін атап өтіп, қазақтың жазу тарихы, тіл заңдылықтары, ережелері туралы таратып айтып, басқа елдердің латын графикасындағы әліпбиге көшу тәжірибелері тұрғысындағы сараптамасын ұсынды. Жаңа әліпби қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тілін сақтауға, жастардың ағылшын тілі мен ғаламтор тілін оңай игеруіне, сол арқылы әлемдік ақпарат айдынына шығуға, түбі бір түркі жұртымен байланысты нығайтуға жол ашатыны жайлы ғылыми негізделген ой-пікірін ортаға салды. 

Жұмыс тобының мүшелері жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жүйелі жауап қайтарды. Бүгінгі тарихи шешім, батыл қадам еліміздің келешегі, ұлтымыз бен ұрпағымыздың қамы екеніне маңыз беріп, ой түйіндеген қала әкімінің орынбасары С.Болысбайұлы облыстық жұмыс тобының келелі кездесуіне ризашылығын білдірді.  

Зымыран уақыттың жалынан мықтап ұстаған Қазақ елінің заманауи ғылым мен теxниканың, интернет пен IT-теxнологияның тіліне жетік болуы үшін жаңа әліпбиге көшу барысында қанша қиындық кездессе де, әрбір азаматтың санасы мен жүрек түкпірінде ұлтжандылық пен отаншылдықтың оты маздап тұрса, діттеген мақсаттың көмбесіне табыспен жетеріміз анық.