Навигация

Жаңғыру 3.0

Жалпы ақпарат

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Шеберлік шыңын еңсерген

Жаңалықтар

Шеберлік шыңын еңсерген

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 07.08.2017
Оқылды: 33 Печать страницы
Шеберлік шыңын еңсерген
 
Сұлулық жайлы әдемі де әсерлі сөздер жетерлік. Осы өмірге келген әрқайсымыз әдеміліктің сырын білуге, сұлу болуға ұмтылатынымыз рас. Әдемілік адам баласының түр-келбетіне ғана емес, ішкі жан-дүниесіне де байланысты. Дегенмен, көптеген адамдар ең алдымен сыртқы келбетіне аса мән беретіні анық. Қазіргі кезде сұлу болу үшін барлық жағдай жасалған, қалтаңызда ақша болса болғаны.
Табиғаты әсем қаламызда да сұлулық салондары, шаштараздар баршылық. Соның ішінде 35 жыл халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан «Айсұлу» шаштаразының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында оның директоры Галина Хакимжанованы әңгімеге тартқан едік.
– Галина Григорьевна, шаштараз мамандығын не себептен таңдадыңыз?
– Бұл кәсіппен айналысу менің бала күнгі арманым болатын. Біреудің шашын қиып не сәнді шаш үлгісін жасау – менің сүйікті ісім.
– Қай жердің тумасысыз?
– Негізі бұрынғы Ақмола облысы, Щучинск ауданы, Бурабайда дүниеге келдім. Сол жерде орта мектепті тәмамдап, 1975-78 жылдар аралығында Талдықорған қаласында сүйікті мамандығымды игеріп, «әмбебап шебер» аталымын иелендім. 1982 жылдан бері табан аудармастан осы шаштаразда қызмет етудемін.
– 35 жыл қалтқысыз қызмет етіп отырған шаштараздың тарихына тоқталсаңыз...
– 1982 жылы қалалық орталық шаштараз болып ашылды. Ол кезде барлығы 20 адам қызмет еттік. Әйелдер және ерлер залында шаш қидыру, шаш жалғау қызметтері, жасанды шаш үлгілері ұсынылды. 1992 жылы тұрмыстық фабрикадан бөлек шығып, шағын кәсіпорын атандық. 1997 жылы «Айсұлу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдым, биыл осы шаштаразды басқарғаныма – 20 жыл.
– Қазіргі кезде қандай қызметтер ұсынасыздар? Бағасы халықтың қалтасына салмақ түсірмей ме?
– Сұлулық тұрғысынан барлық қызмет түрлерін көрсетуге тырысамыз. Атап айтсам, шаш қидыру, ұзын шаш жалғау, сәнді шаш үлгілері, химиялық шаш бұйралау, қас жұлдыру, қасты бояту, мерекелік кештерге сай бояндыру, аяқ, қол тырнақ күтімі, бояу қызметтері бар. Шаш қидыру, тырнақ бояу не жалғау сынды жұмыстардың бағасы қымбат емес. Бағаларына тоқталып өтсем, шаш қидыру 600-900 теңге, шашты химия-
лық бұйралау 3500 теңгеден басталады, сонымен қатар, зейнеткерлер мен 12 жасқа дейінгі балаларға жеңілдіктер қарастырылған.
– Қанша адам жұмыспен қамтылған? Мамандардың білім-білік деңгейі қалай арттырылып отырады?
– Барлығы 10 адам еңбек етеді. Шеберлер өз кәсіптеріне адал, білгір мамандар. Менімен қатарлас, 1981-82 жылдардан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан Әлия Исаева, Валентина Евсеева, Нина Мейн сынды тәжірибелі, қала жұртшылығына кеңінен танымал шеберлерді атап өткім келеді. Мамандар негізінен өз қаражаты есебінен әртүрлі біліктілікті арттыру курстарына барып тұрады. Біздің шаштаразға келген адамдардың барлығы дерлік ризашылықтарын білдіріп жатады. Біз де келушілердің сұранысын қанағаттандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Нұржан Махаббатқызы