Навигация

Жаңғыру 3.0

Жалпы ақпарат

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Жат ағымға рухани қарсылық

Жаңалықтар

Жат ағымға рухани қарсылық

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 15.05.2017
Оқылды: 64 Печать страницы
Жат ағымға рухани қарсылық

Ғасырлар бойы қанымызға сіңген ұлттық салт-санамыздың тұнығын лайлап, ел-жұрттың берекесін қашырған теріс пиғылды ағымдардың аласапыраны, бүлікшілердің былығы көңілдерге алаң туғызды. Дүниенің төрт қиырына тараған экстремизм мен терроризмнің тажал тамыры талай тағдырды тәлкек етті. Бұл бүгінгі күннің ащы шындығы болса, қоғам дертімен күресу, тамырына балта шабу – өзекті мәселе.

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры сахналаған жазушы, драматург Асылбек  Ихсанның «Дертке дауа – Хақ жолы» спектаклі жат ағымға шырмалған азаматтың жанайқайын жүрекке жеткізе отырып, терроризмнің торына түсіп қалудан сақтандырды. Қалалық Мәдениет үйінде өткен спектакльге жиналған текеліліктер қалың ой ар-қалап қана қоймай, сананы бір серпілтті, әсіресе, жастардың тура жолдан адаспауына жөн сілтеді.

Тұсауы кесілгеннен бері Алматы облысының аудан, қалаларында қойылған әлеуметтік драманың діт-теген мақсаты да осы. Басты рөлдегі Сәбит – өмірге бейкүнә көзбен қарайтын, қулық-сұмдықтан ада, сезімге адал бозбала. Жоғары оқу орнына түсе алмай қалған Сәбиттің алғашқы сәтсіз қадамын пайдалана қойған теріс бағыттағы топтың өкілі оны шетелге оқуға шақырып, барлық шаруаны ылдым-жылдым тез тындырады. Ұшаққа билеті қолда, қуанышында шек жоқ бозбаланың ойына бөтен ой кіріп те шықпайды. Ата-ана, ағайын-туыс та мәз. Барлық қазақы жөн-жоралғымен, ақ баталарын беріп, ұлдарын ұзақ жолға шығарып салып жатыр. Атадан қалған қара домбыраны сағынғанда шертіп жүрерсің деп беріп жібермек болған әке сөзін «жарылқаушы» өкіл шорт кесті. Ешкім қарсы дау айта алмады. Бәрі осы жерден басталады. Жылт еткенге алданып, көздері байланып қалған бір отбасының тым болмаса бір жаны батпан құйрықтың айдалада жатпайтынын неге ойламады, жалын күжірейткен неменің арам пиғылын неге бірден аңғармады? Жар дегенде жалғыз баланы бөтен адамның жетегіне неге қоса салды?

Террористік ұйымның ұйығына батқан бозбала үйіне қауға сақал, қысқа балақпен, ең сорақысы, санасы уланып қайтты. 

Әке-шешесін бетінен алып, қазақы дәстүр, ырымдарды аяққа таптап, сүйіктісі Жанардың жанын жаралап, экстремистердің сойылын соғып, террорлық әрекет жасауды екі дүниенің бақыты деп таниды. Өзінің адамдықтан безіп, айуан кейіпке түскенін бағамдай алмайды. Сөйтіп, түрмеге түседі. Қу баланың азабын көтермеген ана өлімі, әке тілегі, түрменің қатал тәртібі, камерадағы серігінің тағдыры, діни басқарма өкілінің ақыл-кеңесі, тіпті жұдырықтай ғана торғайдың саналы тіршілігі қалың тұманды сейілтті. Сәбит тура жолға оралды. Орны толмас өкініш те, қуаныш та бар.

Спектакльдегі рөлдерді сомдаған актерлердің шеберлігіне жұрт тәнті болды. Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев әлем елдерін сарсаңға салған экстремизм мен терроризмнен аулақ болуға үндеген спектакльді қойған театр ұжымына алғыс жаудырып, сый-сияпат көрсетті. Көрермен діни сауаттылықтың маңызына мән беріп, рухани тазарып қалды.