Навигация

Жаңғыру 3.0

Жалпы ақпарат

Ақпарат

Негізгі » Жаңалықтар » Жаңалықтар » Аға ұрпақтың ұлы рухы үлгі

Жаңалықтар

Аға ұрпақтың ұлы рухы үлгі

Санат: Жаңалықтар
Уақыты: 12.05.2017
Оқылды: 99 Печать страницы
Аға ұрпақтың ұлы рухы үлгі

Ұлы жеңістің 72 жылдығын атап өтіп, соғыста құрбан болған боздақтарды еске алған текеліліктер ерлік пен елдіктің үлгісін сомдаған аға ұрпақтың ұлы рухына тағзым етті.

Сол сұрапыл соғыста толар-сақтан қан кешкен ардагерлеріміздің қатары жыл өткен сайын сиреп бара жатқанымен, оларға деген елдік құрмет қашанда өз биігінде. 6 мамырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлы Жеңіс күніне орай бір топ жетісулық соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қабылдады. Солардың қатарында текелілік соғыс ардагерлері Василий Гаврилович Лукин мен Михаил Абрамович Тыщенко және онға тарта тыл еңбеккері болды. Облыс әкімі уақыт алмасып, ұрпақ өзгергенімен ерлікке деген құрмет пен отаншылдық сезімнің мәңгі сақталатынын, батырлық пен адалдықтың алтын арқауы болған ардагерлердің еңселі рухы жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола беретінін атап айтты.

Текелілік ардагерлерді «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы, Текелі кенді қайта өңдеу кешені, Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы және жеке кәсіпкерлер Жеңіс күнімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

1941-1945 жылғы соғыста еліміздің ерен ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. Сол кезде
6 миллиондай ғана жан саны бар Қазақстаннан 1 миллион 800 мың адам ұрысқа аттанып, оның тең жартысы майданда ерлікпен құрбан болды.

Ұрыстың алдыңғы шептерінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полк пен батальон шайқасты. Жауынгерлеріміз Мәскеу мен Ленинградты қасық қаны қалғанша қорғады. Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге қатысып, Берлинге дейін жетті. Майданға батыр ұлдарын аттандырған халқымыз тылда да ерен ерлік көрсетіп, алдыңғы шепті азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуге өлшеусіз есе қосты. Оған қарттарымыз, аналарымыз, аруларымыз, тіпті бұғанасы қатпаған балалар да атсалысты. Бүгінде ел аузында «соғыста қарсы шепке атылған әрбір тоғызыншы оқ  Текеліде өндірілген қорғасын мен мырыштан жасалды» деген сөз айтылады. Бұл да осы шындықтың бір белгісі іспетті.

Соғыстағы ерлігі мен еңбегі үшін ондаған мың қазақстандық марапатталса, 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының батыры атанды, соның ішінде
4 батырымыз бұл атаққа екі мәрте ие болды. 142 адам «Даңқ» ордені толық жинағының иегері атанды. Міне, бұлардың бәрі әншейін сандар тізбегі емес, біз төккен қан мен терге берілген баға. Мұны ұмытпай ұлықтау, жас ұрпақ санасына сіңіру қай кезде де маңызды.

Текеліде өткен салтанатты шарада осынау ерлік пен елшілдік, бірлік пен ерен еңбек әспеттелді.

Қала әкімі Бахтияр Өнербаев, мәслихат хатшысы Николай Калиновский, сондай-ақ, соғыс ардагерлері, қаламыздағы мекеме кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, тыл еңбеккерлері, қала тұрғындары қатысқан қарасы қалың топ алдымен Даңқ монументіне гүл қойып, соғыста құрбан болған боздақтарды еске алды.

Қазақстан Қарулы күштерінің 25 жылдығы және Ұлы жеңістің 72 жылдығына арналған мектеп оқушыларының «Жас Ұлан» патриоттық шеруі салтанатты шараның айбынын асырып, жиналған көпшіліктің рухын тасқындатты.

Осыдан соң Әуезов және Гагарин көшесін бойлап «Мәңгілік полк» шеруі өтті. Онда соғыста жан қиған майдангерлердің, өмірден өткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстары олардың суерттерін көтеріп, ерлік рухтың мәңгі ұмытылмайтынын бейнеледі.

Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты жиында барша текелі-
ліктерге қала әкімі Бахтияр Өнербаев ізгі тілегін жеткізді. Жеңістің оңайлықпен келмегенін, бүгінгі бейбіт өмірге от болып жанып, оқ болып атылған  батыр-ларымыздың ерен ерлігі арқау болғанын, олардың ерлікпен өрілген өмірі жас ұрпақты отаншылдық пен елшілдікке бастайтынына маңыз берді. Қала әкімі бүгінде ортамызда көзі тірі соғыс ардагерлері Петр Григорьевич Карпов, Михаил Иванович Травкин, Михаил Абрамович Тыщенко, Қалық Өтемұратов, Петр Лукич Хрокало, Василий Гаврилович Лукиннің аттарын жеке-жеке атап өтті. Қалада, сонымен бірге, 645 тыл еңбеккері бар екенін, ерлік жолын жалғап, Ауған жерінде бейбіт өмір орнатуға атсалысқан азаматтарымыздың бүгінде ел игілігі үшін еңбек етіп жүргеніне тоқталды.       

Салтанатты жиында көпшілік назарына ұсынылған театрландырылған қойылым ел тыныштығын бұзған қатыгез соғысты, оны ерлікпен еңсерген батырлықты бейнеледі. Бүгінгі мамыражай бейбіт өміріміздің жарасымды келбетін айшықтады.   Қала өнерпаздары мен Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері отаншылдық пен ерлік рухты, берекелі, мерекелі өмірімізді әнге қосты.